Коронавирустың өзі де, ізі де қауіпті
Коронавируспен бұрын ауырғандар «бірінші толқын кезінде өткергем» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені ғалымдар постковид синдромы туралы сөз қозғап, дабыл қағып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі де ескертті. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қан қысымы жоғары және жүрегі ауыратын жандарға бұл кезең қиын соғуы мүмкін. Балаларда қандай белгілер білінгенде дәрігерге бару керек? Ересектер екінші толқында нені ескеруі тиіс? Мамандардың пікірін білдік.
Ковидпен ауырып шыққандардың 80 пайызы постковид синдромын бастан өткерген деседі. Жеңіл түрде ауырғандардың өзінде бұл белгілер болады. Бұл жердегі қиын мәселе – денсаулығы онсыз да мәз емес азаматтардың жағдайы ауырлауы ықтимал екені. Сондықтан тәуекел тобындағылар бұған бейжай қарамағаны дұрыс. Тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеуге тұрып, дәрігердің бақылауында болғаны абзал. Сонымен қатар қандай да бір асқынған белгілер байқалса, бірден дәрігер шақыру керек. Үйде, өздігімен емделуге тырыспау қажет екенін мамандар бірауыздан ескертіп жатыр.
Осыған дейін белгілі болғандай, коронавирус бірінші кезекте өкпені зақымдап, вирустық пневмония тудырады. Бірақ соның өзінде әркімде әртүрлі өтеді. Іс жүзінде көріп отырғанымыздай, бірі өзінің ауырғанын білмей қалса, енді бірі бір өліп-тірілгендей болды. Вирус жұқтырғаннан кейінгі салдардың ішінде қантамырда тромбтардың түзілуі бар. Ол болса тромбоэмболияға, тіпті өлімге душар етуі мүмкін. Әсіресе, көп отырып, аз қимылдайтындарда тромбоз қаупі жоғары.
«Бүгінде науқастардың дені сауығу сатысын білмей, симптомдарды шатастырып алып жатыр. Сөйтіп, қайтадан антибиотик ішіп, антикоагулянттарға қайта оралып жатқандар бар. Олай етуге болмайды. Өйткені бұл ағзаны әлсіретеді. Анализ тапсырып барып, ем алу қажет», – дейді пульмонолог Айжан Ерназарова. Дәрігердің айтуынша, жыл сайын қыста пневмония, ОРВИ сырқаттарына шалдығатындар көрсеткіші бірден өсіп кетеді. «Коронавирусқа дейін өкпе-тыныс ауруларын, өлім-жітім көрсеткішін БАҚ аса жазбайтын. Енді көбірек ақпарат беріліп, өлім саны айтылғандықтан жұрт алаңдай бастады. Екінші толқынның қаншалықты деңгейде өтерін дөп басып айту мүмкін емес. Тек жалпылама айтқанда, жыл сайынғы бронхит, пневмонияға коронавирус инфекциясы қосылады. Сондықтан алдын алудың жалғыз тәсілі – сақтық шараларын ұстану».