Template created by Joomla 1.6 templates and the best poker webpages: party poker bonus code and best poker sites.

Дәріні үй жағдайында қай жерде және қалай сақтау керек?

Басып шығару

Әр үйде өмірде кездесетін әр тгүрлі жайттарға орай дәрі-дәрмек қоры бар дәріқұты болады. Оны көбінесе, дәрі-дәрмекті сақтауға қойылатын талаптар жайлы ойланбастан, қолайлы жерге сақтайды. Сақтау шарттарыбұкіл жарамдылық мерзімінде дәрінің емдік қасиеттерінің сақталуын қамтамасыз ететіндей болуы тиіс. Сақтау шарттарын орындамау дәрінің тиімділігін жоюға әкеледі, ал кей кездері өмірге қауіп төндіреді. Олар денсаулыққа қауіпті бола түседі, себебі уландырып, немесе күтілетін емдік әсерге шек қоюы мүмкін. Мұның алдын алу үшін, дәрілік заттарды қалай сақтау керектігін білуі тиіс.

Дәріні қайда сақтау керек

Дәріні сатып алған соң, сақтау шарттары тұрғысында нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз. Дәрілік заттар құрғақ, салқын, жарықтан қорғалған жерде, жылытқыш және қыздырғыш аспаптардан аулақ жерде сақталуы тиіс. Әдетте ыстық болатын, тамақ әзірлейтін ас бөлмесінде, тым көп ылғал болатын жуынатын бөлмеде, тікелей күн сәулесінің әсеріне ұшырайтындықтан, терезенің алдында мүлдем сақтауға болмайды.

Егер балаңызға балаларға арналған жағымды иісі бар дәрі-дәрмектер беретін болсаңыз, онда бұл жағымды иістің басқа дәрілермен байланыстыруына жол бермеңіз, үйіңіздегі дәріқұты және оның ішіндегісі баланың назарын аудармағаны дұрыс. Дәріқұтыны баланың көзінше ашпаңыз, ондағы заттарды, тіпті зиянсыз түрлерін де ойнауға бермеңіз. Баланың құмарлығын оятпаңыз.

Дәріқұтыны сөреге жоғары қарай немесе кіреберістегі бекітілетін шкафқа, қоймаға немесе басқа адам тұрмайтын бөлмеге қойған дұрыс.

Дәріқұтының қыздырғыш аспаптардан аулақ болуын қадағалаңыз. Тану материалдарына да – бинт, дәке, майлықтарға да солай ету керек. Жуынатын бөлмеде, ас бөлмесінде шұңғылшаның төңірегінде, балконда дәріқұтыға орын емес. Сонымен қатар, таблеткалар, капсулалар, өсімдік шикізаты және ұнтақтар ылғалды оңай  сіңіреді, бұл олардың емдік қасиеттерінің өзгеруіне әкеледі. Дәрі-дәрмектерді құрғақ жерде сақтаңыз.  

Дәріні неде сақтау керек

Ең дұрысы үйреншікті пластмасса, металл қораптарда (дәрілерге арналған зауыттық контейнерде) немесе таза картон қорапта сақтау керек. Дәріні қолдану жөніндегі нұсқаулығымен бірге зауыттық қаптамаларда сақтаған дұрыс, және барлық дәрілік заттарда заттаңбаларының болуын ұмытпаңыз. Флакондардағы дәрілерді тығыз жабылған күйінде сақтайды, себебі ашық күйінде кейбір дәрі-дәрмектер буланып, ылғал сіңіріп, ұшпа заттарды бөле алады, немесе ауамен әрекеттесіп кете алады. 

Дәріні қалай сақтау керек

Дәрілік затты сатып алғаннан кейін, бәрінен бұрын, оны сақтау шарттарына көңіл аудару қажет. Бұл деректер әдетте дәріні қолдану жөніндегі нұсқаулықта және сыртқы қаптамада көрсетіледі. Бұл ретте нұқсаулықта сақтау ерекшеліктері мен температуралық тәртіп шегі көрсетілсе, түсінікті болады. Алайда дәрі-дәрмектердің көбінде мыналар көрсетіледі:  «Бөлме температурасында сақтаңыз», «Салқын, жарықтан қорғалған жерде сақтаңыз», «Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде сақтаңыз» және т.б.

Мынаны біліңіз:

- егер қолдану жөніндегі нұсқаулықта бөлме температурасында сақтауға кеңес берілсе немесе температура көрсетілмесе, онда бұл дәрі-дәрмекті +15°-тен +25°С-ке дейінгі температурада сақтау керек дегенді білдіреді;

- егер салқын жерде сақтауға кеңес берілсе, онда бұл дәрі-дәрмекті +°-тен +5°С-ке дейінгі температурада сақтау керек дегенді білдіреді;

- қараңғы жерде сақтау дәрілік затты күн сәулесінен қорғалған жерде сақтау керек дегенді білдіреді;

- құрғақ жерде сақтау дәрілік затты салыстырмалы ылғалдылығы 60 пайыздан аспайтын жерде сақтау керек дегенді білдіреді;

Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі мөрленген дәрі-дәрмектерге қатысты. Оның тұтастығын бұзған соң, әр дәрілік зат үшін жаңа уақыт есебі басталады. Ашқаннан кейін, мынадай межелдемелерге үйреніңіз:

- таблеткалар, капсулалар қасиетін 1 жыл бойы сақтайды;

- тубадағы жақпамайлар – жарты жыл, банкідегі жақпамайлар – 3 ай;

- сыртқа қолдануға арналған сұйықтықтар – 6 ай, ішке қабылдауға арналған сұйықтықтар (жөтелге қарсы шәрбат) – 3 ай;

- көзге және құлаққа арналған тапшыларды 3-4 аптадан артық сақтамайды;

- шприцтер, бинт және өзге де тану материалдарының өз сақтау мерзімі бар екенін ұмытпаған жөн (уақыт өте келе қаптама өз саңылаусыздығын жойып, бұйым зарарсыздандырылмаған болады).

Әркез дәрі-дәрмекті ашқан күніңізді блокнотқа немесе қораптың өзіне жазып жүріңіз. Бұл өзіңізді және отбасы мүшелерін бұзылған сұйық дәрі және жөтел дәрісін қолдану қауіп-қатерінен сақтайды.

Егер Сіз таблетаканың қатпарланғанын, түсінің өзгергенін байқасаңыз немесе тұнбада қышқыл иіс пайда болса, немесе ерітіндіде тұнба түзілсе, онда физикалық қасиеттердің немесе сипатының ықтимал ауытқуларын сипаттайтын дәрі-дәрмекке арналған нұсқаулыққа қараңыз. Кейбір сұйық дәрілер үшін шамалы тұнбаның түзілуіне жол беріледі, бұл оның қасиеттеріне еш әсер етпейді. 

Резеңке бұйымдардың жарамсыздық белгісі үстінің жабысқақтығы, жұмсаруы және пішінін өзгертуі болып табылады. Мұндай бұйымдарды лақтырып тастау қажет.

Құрметті оқырмандар, дәрілік заттарды сақтау жөніндегі аталған кеңестерді сақтай отырып, өзіңізді және жақындарыңызды уланудан және өзге де күтпеген салдарлардан сақтай аласыз. Өмірдегі басты құндылық – бұл өмірдің өзі, сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы екенін ұмытпаңыз! Өздеріңізді күтіңіздер!

 

Дәрілік заттарды қолдану жөнінде сұрақтарыңыз  туындаған жағдайда 8 800 080 88 87  Call-қызмет телефонына тегін қоңырау шалыңыз немесе ресми сайтымызға хабарлама жазыңыз - www.druginfo.kz. Біз Сіздерге көмектесу үшін жаралғанбыз!

Макалкина Л.Г., Жусупова Г.К., Жалдыбаева С.С.

ҚР ДӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК Дәрі-дәрмек орталығы