Генериктер, түпнұсқалық дәрілік заттарды алмастыра ала ма?
Соңғы 10-15 жылда дәрілік заттардың түр-түрі көбеюде. Дәріханаға кіре сала, көзіміз алуан түрлі дәрі атауларына түседі.
Бүгінде фармацевтикалық нарық тұтынушыға екі түрлі дәрілік зат ұсынады: түпнұсқалық және генериктер.
Түпнұсқалық препараттар әрқашан қымбат тұрады. Оның себебі де бар. Ол- фармацевтикалық компанияның негізгі, алғашқы өнімі. Түпнұсқалық дәрі жасау ұзақ уақытты талап етеді. Ойлап табу мен тұтынушыға жеткізудің өзі ондаған жылға созылады, әрі қомақты қаражат қажет етеді. Сондай-ақ патентпен қорғалады. Патенттік қорғау белгілі мерзіммен шектеліп, 15-20 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл уақыт аралығында басқа фармацевтикалық компаниялардың ұқсас дәрілерді - генериктерді өндіруге құқығы болмайды. Яғни өндіруші фирманың шығыны өтелу үшін нарықта жалғыз түпнұсқалық препарат айналымда қалады. Десе де, патентпен қорғау мерзімі өткен соң кез-келген компания құрамында белсенді әсер етуші компоненттері түпнұсқалық препараттарға ұқсас дәрілерді өндіру құқығын пайдалана алады. Осылайша, көптеген «генериктер» пайда болады. Оны бірнеше фармацевтикалық компания бір уақытта өндіре алады.
Генерик пен түпнұсқалық препараттың құрамы мен жанама әсерлері де бір-біріне сәйкес келеді. Дегенмен, пішіні, түсі мен жасау технологиясында айырмашылықтар болуы мүмкін. Сондықтан олар дамыған мемлекеттерде сұранысқа ие. Мәселен, АҚШ пен Швецияда түпнұсқалық дәрілерден қарағанда генериктерді жиі сатып алады.
Түпнұсқалық препараттар пен генериктердің айырмашылығы мұнымен шектелмейді. Нарықта тіркелу үшін генериктің түпнұсқалық дәрімен биоэквиваленттігі мен биожетімділігі сынаудан өткізілуі шарт. Бірақ толық клиникалық зерттеу жүргізудің қажеттілігі болмайды. Сондықтан, генериктерді мемлекеттік тіркеуден өткізу жылдамырақ жүзеге асады.
Қазақстанда дәрі-дәрмек нарығы айтарлықтай ұлғайды. Еліміздегі ресми тіркеуден өткен 7000-нан аса препараттың 85-87% генериктер құрайды. Бүгінгі таңда, патентпен қорғалған, жақында өндірілген, құрамындағы әр ингредиенттің «маңызы бар» болып табылатын, қатерлі ісік пен ЖИТС ауруын емдеуге арналған бірегей дәрілерден басқа, барлық түпнұсқалық дәрілердің генериктері бар.
Сондықтан «түпнұсқалық препараттардан қарағанда, генериктердің болмашы әсері ғана бар» деп белсенді түрді насихаттап жүрген БАҚ пікірлер – «негізсіз» екенін ойға түю қажет. Себебі генериктерді өндіретін үлкен фирмалар дәрі-дәрмектердің өндірілу технологиясын GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарына сай бақылап отырады.
Препараттың екі бірдей атауы бар екенін білудің маңызы қандай?
Шамамен барлық дәрінің екі бірдей атауы бар: халықаралық (патенттелмеген) және өндіруші беретін саудалық атауы. Сондай-ақ әр препараттың тек бір ғана халықаралық атауы ,ал егер дәріні түрлі компания өндірсе, оның түрлі саудалық атаулары болады.
Мәселен, Амброксол - препараттың халықаралық атауы. Бірақ ол Амбробене, Флавамед, Халиксол, Амбросан, Лазолван сынды түрліше атаумен саудаға шығарылады. Бұл дегеніміз - бір дәрілік затты бірнеше фирма өндіріп, өзінше атап, өз сауда маркасымен жарнамалайды. Артынша шығын көлемі есептеліп, препараттың бағасы қойылады.
Осылайша, әр дәрілік заттың орамасынан ірі қаріппен жазылған сауда атауын таба аласыз. Оның сәл төменгі жағында ұсақ әріппен халықаралық (патенттелмеген) атауы жазылады. Егер дәрілік заттың құрамында екі немесе одан да көп әсер етуші зат болса (яғни көпқұрамды болса), халықаралық (патенттелмеген) атау орнына құрамы жазылады.
Қажетті дәріні сатып алып жатқаныңызға көз жеткізуі үшін, болмаса дәріханашыға препаратты ауыстыру жөнінде дұрыс сауал қою үшін орамадан халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын тауып алуыңыз қажет.
Кейбір дәрілердің патенттелген атаулары ұқсас болғанымен, құрамындағы әсер етуші заттектің терапевтік әсері түрліше екенін және әрі түрлі жағдайда қолданылатынын ұмытпаңыз.
Сіздің бір препаратқа аллергияңыз болса немесе оны басқа дәрімен бірге қолдануға болмайтын болса, бұл ақпараттарды білудің маңызды зор. Себебі, басқа саудалық атауы бар препарат құрамында сіздің аллергияңызды қоздырушы «аллерген» болуы мүмкін.
Абайсызда екі ішерлік мөлшерін қабылдамас үшін, дәрі сатып алған сайын әсер етуші заттекті (ХПА) тексерген дұрыс. Егер сіз дәрігер мен дәріханашыдан бір дәрілік заттың басқа маркасын алсаңыз, болмаса өз бетіңізше дәрілік затты таңдасаңыз, оның құрамында көпқұрамды препараттың болуы немесе сіз қабылдап жүрген дәрілер құрамына енген болу қаупі бар.
Егер сізде, жоғарыда көрсетілген және басқа да дәрілік заттарды қабылдауға қатысты қиындықтар туындаса, ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Дәрілік орталық 8-800-080-88-87 тегін телефоны арқылы, және www.druginfo.kz ресми сайтында қажетті ақпаратты ала аласыз.
Құрметті қазақстандықтар! Өз өміріңізді, денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын бағалаңыз!
ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту
республикалық орталығы» ШЖҚ РМК
Дәрілік орталық