Дәрілік орталықтың халыққа пайдасы қандай? Дәрілік сауаттылықты арттырудың басты 5 жолы
1. Дәрі-дәрмек жайлы дәйекті ақпаратқа қол жеткізу.
Еліміздің әр тұрғыны дәрілік заттар туралы дәйекті және шынайы ақпаратты Дәрілік орталықтан ала алады. Дәрілік орталық Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік жобасы ретінде 2009 жылы құрылған. Орталықтың негізгі міндеттеріне дәрілік заттарды тиімді пайдалану, пациенттердің тегін дәрілерге құқықтары, қымбат дәрілік заттарды қолжетімді дәрілермен ауыстыру мүмкіндігі, дәрілерді дұрыс қабылдау және сақтау, дәрілердің дәлелді тиімділігі жайлы, дәрілік заттарды тіркеу және тағы басқа мәселелер бойынша халықты және медицина қызметкерлерін ақпараттандыру жатады.
Дәрілік орталық жеке фармацевтикалық компанияларымен емес, дәрі-дәрмекпен қамту және денсаулық сақтау саласының басты мекемелерімен жұмыс істейтін мемлекеттік ұйым болып табылады. Орталық мамандары өз жұмысында халықаралық дерекқор мен дәлелді медицина дереккөздерін, сондай-ақ препараттардың медициналық қолданылу ережесіне сай белгіленген мәліметтерді пайдаланады. Барлық ақпарат Дәрілік орталықтың www.druginfo.kzресми сайтында, сонымен қатар жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сондай-ақ кез-келген азамат өз сауалын сайттың «Сұрақ-жауап» айдарында және орталықтың тегін 8 800 080 88 87 Call-қызметі арқылы қоя алады және толық жауап ала алады.
2. Тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберіндегі құқықтарыңызды біліп, оларды дұрыс қолдану.
Кез-келген Қазақстан азаматы 2011 жылғы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №786 бұйрығына сәйкес амбулаторлық деңгейде тегін дәрілерге құқылы. Бұл тізбеге аурудың 49 түрі бойынша 350-ден астам дәрі-дәрмек кіреді. Солардың ішінде артериалдық гипертензия, 5-жасқа дейінгі балалардың аурулары, қант диабеті, астма және т.б. Тегін дәрілік заттардың тізбесіне сәйкес дәрілер рецепт бойынша дәріхана ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте, емделуші міндетті түрде медицина ұйымында диспансерлік есепте болуы тиіс, ал рецептерді учаскелік дәрігер немесе бейінді маман (гематолог, эндокринолог, пульмонолог және т.б.) тағайындайды. Тегін дәрілерді алу алгоритмі жайлы Дәрілік орталықтың www.druginfo.kz ресми сайтынан және 8 800 080 88 87 Call-қызметінен біле аласыздар.
3. Дәрілік заттарды тек дәрігердің кеңесімен қабылдау.
Дәрілік заттарды өз бетімен қабылдауға болмайды. Кез-келген дәрінің, жанама кері әсері бар, белсенді зат тек зақымданған жерге ғана барып қоймай, қан арқылы бүкіл ағзаға тарайды. Дәрілік заттарды қабылдау алдында міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн. Көптеген адамдар, аурудың бастапқы белгілері пайда болысымен ағзаға кері әсерін тигізетін дәрілерді, соның ішінде антибиотиктерді өз бетімен қабылдай бастайды. Естеріңізге сала кетейік, дәрінің атауын, қажетті дозасын және емдеу ұзақтығын дәрігер ғана белгілейді, себебі бұл кезде пациенттің салмағы, оның ағзалары мен жүйелерінің жұмыс істеу жағдайы, алдыңғы болған және бар аурулары, сондай-ақ осы ауруының ағымы назарға алынады. Осы жағдайда ғана пациенттің денсаулығы үшін терапияның барынша тиімділігі артып, қолайсыз салдарлары барынша төмендейді, дұрыс және сауатты емдеу мүмкін болады.
4. Кез- келген дәрілерді қабылдау алдында келесі ережелерді есте сақтаған жөн:
- Жалпы дәрілік заттарды дұрыс әрі тиімді қолдану үшін, біріншіден, нақты диагноз қойылуы керек. Осыған сәйкес дәрілік заттар тағайындалатын болады. Сондай-ақ, полипрагмазияға душар болмас үшін, тағайындалатын дәрілік препараттардың жалпы саны 5-тен аспауы тиіс. Полипрагмазия — бір уақытта (көп жағдайда негізсіз) бірнеше, тіпті, ондаған дәрілерді қолдану, көбінесе бұндай жағдайлар бірнеше дәрігерге қаранған кезде орын алып жатады. Бұндай жағдай емдейтін дәрігерлерін көп ауыстыратын адамдар және бұған дейін тағайындалған дәрілердің үстіне басқа дәрілерді пайдаланатын адамдарда жиі кездеседі. Әсіресе, бұл жағдайлар қарт адамдарда көп кездеседі. Себебі олар бірнеше аурулармен ауырады. Дәрілік заттар тек қана емдеп қана қоймай, сонымен қоса ағзаға кері әсерлерін тигізеді. Дәрілердің көп санын бір мезгілде қабылдау, дәрілік заттардың белсенді және көмекші құрамбөліктерінің өзара әрекеттесуі зиянды жанама әсерлердің туындауына себепші болуы мүмкін. Полипрагмазия көпшілік жағдайда дәрігер тағайындаған дәрілерге қатысты айтылады, алайда рецептсіз қолданылатын дәрілердің, биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) және өсімдік тектес препараттардың санын ескерген де маңызды. Атаулары әр түрлі дәрілердің белсенді заты бір болып, оның бір реттік мөлшері ұйғарынды шамадан артса, бұл ағзаның улануына алып келеді. Сондықтан, қандай да бір дәріні қабылдау алдында дәрігермен кеңесіп, оның нұсқаулығымен мұқият танысыңыз.
- Антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдаңыз. Оларды қажетінсіз, шамадан тыс немесе дұрыс емес қабылдау бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін тудырады (бүкіл дүние жүзінде бұл мәселе резистенттілік деп аталады). Антибиотиктер бактериядан туындаған инфекцияларды емдейді. Олар суық тию немесе тұмау сияқты вирустық инфекциялар кезінде тиімсіз. Адамдар антибиотиктерге тұрақты түрде тәуелді болмауы үшін, келесі кеңестерді орындағаны абзал:
- антибиотиктерді дәрігер тағайындаған кезде ғана пайдалану;
- антибиотиктерді қабылдаудың белгіленген режимін, тіпті жағдайдың жақсарғандығына қарамастан, толық сақтау;
- антибиотиктерді басқа адамдарға беруге немесе бұрын жазылып берілген дәрілік заттардың қалдығын пайдалануға жол бермеу.
- Антибиотиктерді бақылаусыз пайдалану ағзаның бактерияға қарсы дәрілік заттарға төзімділігін туғыза отырып, адамның иммундық жүйесінің әлсіреуіне әкелетін алғашқы қадам болып табылатынын есте сақтаңыз. Осы себептен антибиотиктерді кез келген сырқаттану кезінде «жедел көмек» ретінде қабылдауға болмайды.
- Қажетті дәріні қабылдар алдында, дәрігердің тағайындауларын не болмаса препаратқа қосымша берілген нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз. Мыналарға баса назар аударған жөн:бір реттік қабылдауға ұсынылатын доза;
- бір тәулікте қабылданатын дәрінің көлемі;
- қабылдау уақыты;
- қабылдау әдісі;
- емдеу курсының ұзақтығы.
Осының барлығы қажетті терапевтік әсер алу үшін де, препараттың жанама әсерлерінің ықтималдылығын төмендету үшін де өте маңызды.
18 Дәрілік орталықтың www.druginfo.kzресми сайтындағы ақпараттармен танысып, сұрақтар туындаған кезде орталықтың тегін 8 800 080 88 87 Call-қызметіне хабарласып, мамандардың кеңесіне құлақ түріңіз.
Дәрілік орталығы барлық тұрғындар мен еліміздің қонақтарын медицина мамандарына дер кезінде қаралуға, скринингтен және вакцинациядан өтуге, және ең бастысы қатерлі, өмірге қауіпті ауруларды өз бетімен емдеумен айналыспауға шақырады.
ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту
республикалық орталығы» ШЖҚ РМК
Дәрілік орталығы