Үй жағдайында дәрілерді қай жерде және қалай сақтаған дұрыс?
Қандай да бір ауруды немесе аурудың белгілерін емдеуге алынған дәрілік заттар көп жағдайда толықтай қолданылмай қалады. Әдетте, үйдегі дәрі қобдишасы осындай дәрілік заттардан жиналып қалады. Дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігін үй жағдайында қалай сақтап қалуға болады?Дәрілік заттар арнайы сақтау шарттарын қажет етеді, және бұл жерде қателіктер болмауы тиіс.
Сақтау шарттары жарамдылық мерзімі өткенше дәрілік заттардың емдік қасиеттерінің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, сақтау кезінде препараттардың өздері, мысалы иісі бар дәрілер, тотықтырғыш және бояғыш дәрілер, өзіңізге және мүлкіңізге зиян келтіруі мүмкін. Көптеген дәрілер жоғары температураның, тікелей күн сәулесі мен ылғалдың әсерінен бұзылуы мүмкін.
Құрметті оқырмандар, біз Сіздерге сатып алынған препараттың сапасы мен қауіпсіздігін сақтап қалуға көмектесетін дәрілерді сақтау бойынша ұсынымдар береміз.
ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА САҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҰСЫНЫМДАР
Дәрілерді қай жерде сақтау қажет. Көп адамдар дәрілік заттарды ас үйде немесе ванна бөлмесінде сақтайды, кейбіреулер ұйықтар алдында қабылдауға ыңғайлы болуы үшін оларды жатын бөлмедегі терезенің алдында қалдырады. Бұлардың біреуі де дұрыс шешім болып табылмайды.
Дәрілік заттардың көпшілігі құрғақ, салқын, жарықтан қорғалған жерлерде, жылыту және қыздыру құралдарынан аулақ сақталуы тиіс. Ас үйде тамақ әзірленетіндіктен, әдетте бұл жерде ыстық болады, ал ванна бөлмесінде – ылғалдылық тым жоғары, терезенің алдында күн сәулесі тікелей түсетіндіктен ол жерде дәрілерді ұзақ сақтауға болмайды. Бұған қоса, дәрі қобдишасын адамдар ұзақ болатын бөлмеде – жатын бөлмеде немесе балалар бөлмесінде сақтамауға тырысу қажет.
Егер Сіз балаларға арналған дәрі-дәрмектерді балаға беріп жүрсеңіз, олардың әдетте кездесетін жағымды дәмін ескере отырып, олардың басқа дәрілік заттарға ұқсас болмауын қадағалаңыз, үйіңіздегі дәрі қобдишасы мен оның құрамы баланың назарын аудармайтындай болуы маңызды. Дәрі қобдишасын баланың көзінше ашпаңыз, оның құрамын, тіпті зияны жоқ заттарды ешқашан ойнауға бермеңіз. Сәбидің қызығушылығын оятпаңыз.
NB! Дәрілерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керектігін есте ұстаған жөн. Алайда, дәрі қобдишасы ересектерге қолжетімді жерде орналасуы қажет, кез-келген жағдайда керекті дәріні іздеу қиынға түспеу керек.
Үйдегі дәрі қобдишасын жоғары орналасқан сөреге, кіреберістегі есігі жабылатын шкафқа, қоймаға немесе басқа кісі тұрмайтын бөлмеге қою қажет. Салқын жерде сақталуы тиіс дәрі-дәрмектердің үлкен тобы бар, олардың ішіне тығын дәрілердің көпшілігі, көз тамшылары, жақпа майлар, линименттер және сүртпе майлар, инъекциялық ерітінділердің көптеген түрлері, кейбір ферменттік драже жатады.
Тоңазытқышта осы препараттарға арналған жеке контейнерлердің болғаны дұрыс.Айтпақшы, қазіргі заманғы тоңазытқыштарда дәрілерге арналған арнайы бөлімдер болады. Осындай камералардың болу-болмауына қарамастан, тоңазытқыштағы дәрілерді ылғалдан қосымша қорғау қажет (мысалы, қорапқа, полиэтилен пакеттерге салу). Дәрілері бар контейнерді (қорапты, полиэтилен пакетті) мұздату камерасынан әрменірек орналастыруға тырысыңыз.
NB! Есіңізде болсын! Дәрілерді ыстықта және аязда сақтауға мүлдем болмайды! Мұз боп қатып қалған дәрі-дәрмектерді пайдаланбаған дұрыс.
Дәрілерді ненің ішінде сақтау керек. Дәрілерді пластмассадан, металлдан жасалған стандарт қораптарда сақтаған дұрыс.Үй дәрі қобдишасын жинақтау және сақтау үшін кейс (сандықша), жәшік немесе сөмке түрінде шығарылатын заводта жасалған дайын контейнерлерді пайдаланған ыңғайлы. Осындай контейнерде бірнеше бөліктердің болуы дәрілер мен басқа құралдарды белгілі бір тәртіппен орналастыруға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда, әрдайым контейнерді өзіңіздің қасыңызға немесе науқастың қасына қоюға болады. Таза картоннан жасалған кең және ыңғайлы қорапта да жарайды.
Дәрілерді қолданылуы туралы нұсқаулығы бар заводтық қаптамада сақтаудың маңызы зор және дәрілік препараттардың барлығында зат белгі болуы тиіс.
Құтылардағы дәрілер тығыз жабылуы тиіс, кейбір препараттар ашық күйде буланып, ұшқыш заттарды сіңіруі немесе бөлуі мүмкін, солай-ақ ауадағы оттегімен реакцияға түсуі мүмкін.
Дәрілерді қалай сақтау керек? Ең алдымен, дәрілік затты сатып алғаннан кейін оны сақтау шарттарына назар аударыңыз. Бұл мәліметтер препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта және сыртқы қаптамасында көрсетіледі. Егер бұған қоса температуралық режим шегтері және сақтау ерекшеліктері болса, түсінікті. Алайда, көптеген препараттарда «Бөлме температурасында сақтау керек», «Салқын, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек», «Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек» деп және т.б. көрсетіледі.
Біле жүріңіз:
¨ егер қолдану жөніндегі нұсқаулықта бөлме температурасында сақтау ұсынылса немесе температура көрсетілмесе, препаратты +15° С - +25°С температура аралығында сақталуы тиіс дегенді білдіреді;
¨ егер салқын жерде сақтау ұсынылса, препаратты +8 С – +15°С температура аралығында сақтау қажет деген сөз;
¨ қараңғы жерде сақтау дегеніміз, дәрілік затты күн сәулесінен қорғалған жерде сақтау қажет дегенді білдіреді;
¨ құрғақ жерде сақтау дегеніміз, дәрілік затты ауаның салыстырмалы ылғалдығы 60 пайыздан аспайтын бөлмеде сақтау қажет екендігін білдіреді.
Мысалы:
Дәрінің зат белгісінде: «Салқын, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек» деп жазылса, оны 15°С аспайтын температурада, яғни тоңазытқышта сақтау қажет деген сөз. 5 градустан аспайтын температурада сақтау ұсынылған препараттарды да сол жерге қою керек.
NB! Өте маңызды:
Алғашқы қаптамасы бүлінген немесе зақымдалған дәрілерді сақтауға болмайды. Мысалы, таблетканың, тығын дәрінің жартысы немесе препараты бар ампула жиі сақталып қойылады, ондай дәрілерді пайдаланбаған жөн;
Жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді қолдану тұрмақ сақтауға да болмайды;
Үйдегі дәрі қобдишасын ұдайы тексеріп, дәрілердің жағдайы мен жарамдылық мерзімін қарап қою қажет. Мерзімі өткен, суланған немесе зақымдалған дәрілерді өкінбестен жойып жіберіңіз, өйткені қажет кезде Сіз бұған назар аудармауыңыз мүмкін.
ҰСЫНЫЛАТЫН ДӘРІЛЕРДІ ОРНАЛАСТЫРУ ҚАҒИДАЛАРЫ
1-ҚАҒИДА. Сыртқа қолдануға және ішуге арналған дәрі-дәрмектерді бөлек сақтауға тырысыңыз. Оларды әртүрлі пакеттерге салған, не болмаса дәрілер сақталатын шкафтың жеке сөрелеріне қойған жеткілікті.
2-ҚАҒИДА. Төгіліп қалуы және барлығын бояп тастауы мүмкін сұйық дәрілік заттарды (жасыл дәрі, метиленді көк дәрі, тұнбалар) бөлек сақтаңыз. Әсіресе йод ерітіндісі, калий перманганаты, сутек тотығы сияқты тотықтырғыштарға айрықша назар аударыңыз. Оларды басқа дәрілерден бөлек шұңғыл ыдысқа немесе қақпағы тығыз жабылатын, түбінен ағып кетпейтін ыдысқа салған жөн.
3-ҚАҒИДА. Дәрілік шөптерді сақтау үшін полиэтилен пакеттерді пайдаланбаңыз, оларға ең дұрысы картон қораптар және қағаз пакеттер. Дәрілік шөптердің ерекшелігі олар құрғақ болса тозаңданады, сондай-ақ иістер мен ылғалды тез сіңіреді. Таблетка және желатин капсулалардағы дәрілер ылғалды сүймейді. Олар дымқыл бөлмеде сақталса, көрсетілген мерзімнен бұрын бүлініп кетуі мүмкін. Дәрілерді дәмдеуіштермен бірге сақтауға да болмайды. Үй дәрілік қобдишасын құрғақ, жарық түспейтін, салқын жерге қойыңыз. Егер үйде кішкентай балалар болса, дәрі қобдишасын кілтке жауып қойған жөн, көптеген дәрілердің қаптамасы көрнекті және балалар үшін көз тартарлықтай болады.
4-ҚАҒИДА. Резеңке бұйымдарды (астыға салатын дөңгелектер, резеңке жылытқы, мұзға арналған қапшық) аздап үрленген күйде, ал резеңке түтіктерді ұштарына тығындарын қойып сақтаңыз. Резеңке бұйымдардың жаншылып, жабысып және басылып қалмауы үшін қабаттастырып қоймауға тырысыңыз.
5-ҚАҒИДА. Қыша қағаздарын қағазға немесе полиэтилен пленкаға орап сақтаңыз.
6-ҚАҒИДА. Аэрозоль түріндегі дәрілерді соғылудан және механикалық бүлінулерден қорғаңыз.
Өзіңізге ыңғайлы болу үшін дәрі қобдишасының ішіндегілерінің тізбесін жазып, есігіне немесе қақпағына бекітіп қоюыңызға болады.
Дәрілік заттарды қаншалықты ұзақ сақтауға болады? Дәріні сатып алғанда, сондай-ақ өзіңіздің дәрі қобдишаңызға түгендеу жүргізген кезде препараттардың жарамдылық мерзімін қарау қажет. Негізінен сақтау мерзімдері айтарлықтай ұзақ болады – орта есеппен 2-5 жыл. Препараттың сапасына кепілдік дұрыс сақталған жағдайда ғана беріледі.
Кейбір препараттарды сақтау мерзімдерінің біраз ерекшеліктері бар. Мысалы:
¨ дәріханада дайындалған дәрілік препараттар ұзақ уақыт сақтауға арналмаған. Бәрінен бұрын сулы тұнбалар, микстуралар, қайнатпалар тез бүлінеді. Бөлме температурасында оларды 2–3 күннен асырмай сақтауға болады. Ерітінді лайланып кетсе немесе үлпек заттар пайда бола бастаса, олар тұтынуға жарамсыз болып қалады;
¨ қаптамасы ашылған көзге арналған тамшыларды 4 аптадан артық сақтауға болмайды. Бұл ретте ерітінді ластанбауы үшін, флаконды тығыз жауып, тамызғыштың ұшын ешнәрсеге тигізбеуге тырысу қажет;
¨ қаптамасы ашылған мұрынға (құлаққа) арналған тамшыларды да 4 аптадан артық сақтауға болмайды.
Дәрінің бүліну белгілері. Егер Сіз таблетканың үгілгендігін, түсі өзгергендігін байқасаңыз немесе тұнбада ащы иіс пайда болса, немесе ерітіндіде шөгінділер пайда болса, препараттың физикалық қасиеттерінде болатын ауытқылуларды сипаттайтын немесе сипаттамалары бар нұсқаулыққа қараңыз.
Кейбір сұйық дәрілерде аздаған шөгінділердің болуы мүмкін, бұл оның қасиеттеріне әсер етпейді.
Резеңке бұйымдардың жұмсаруы, пішінінің өзгеруі және жабысқақ болуы жарамсыздық белгілері болып табылады. Однай бұйымдарды лақтырып тастау қажет.
Сапасы күмән тудырған препараттарды пайдаланбаңыз.
NB! Кәдеге жаратылатын дәрілерді (соның ішінде таблеткаларды, капсулаларды) қаптамасынан алып, қағазға орап, қоқысқа арналған шелекке салыңыз. Дәріні ешқашан кәрізге құймаңыз және лақтырмаңыз!
Жарамдылық мерзімі өткен және бүлінген дәрілермен не істеу керек? Жарамдылық мерзімі өткен және бүлінген дәрілер әсері белгісіз заттардың құрамдастырылымы болып табылатындығын естен шығармаңыз. Сондықтан да мына ережені сақтаңыз: жарамдылық мерзімі өте салысымен немесе дәрінің сапасына күмәндансаңыз – оны лақтырып жіберіңіз.
Сынып қалған термометрмен не істеу керек. Көптеген отбасыларда сынап қызу өлшегіштері қолданылады. Бұл қауіпсіз емес және тез сынатын құрал.
Жарамсыз болып қалған қызу өлшегішті қағазға орап, одан кейін полиэтилен пакетке салып, қоқысқа тастау керек. Төгілген сынапты тыныс жолдарын қорғай отырып, және міндетті түрде қолғап киіп, екі қағаз парақтың көмегімнен жинап алуға болады.
Ең дұрысы сынған қызу өлшегішті санэпидстанцияға немесе оны кәдеге жарататын басқа медициналық мекемеге апарған дұрыс.
Егер бұл мүмкін болмаса, сынапты қызу өлшегішпен бірге қалдыққа шығару қажет, бірақ ешқашан кәрізге тастауға болмайды!
Құрметті оқырмандар, дәрілік заттарды сақтау жөніндегі аталған ұсынымдарды сақтай отырып, Сіз өзіңізді және жақындарыңызды уланудан және басқа да беймәлім салдардан қорғай аласыз. Өмірдегі басты құндылықтар - өмірдің өзі, Сіздің денсаулығыңыз және жақындарыңыздың денсаулығы екенін есте ұстаңыз! Сақтанып жүріңіз!
Егер Сізде дәрілік заттарды қолдануға қатысты қандай да бір мәселелер туындаған болса, Call-қызметінің тегін телефонына 8 800 080 88 87 қоңырау шалыңыз немесе біздің ресми сайтымызға - www.druginfo.kz жазыңыз. Біздің қызметіміз Сіздерге арналады!
ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы