Мамандар қазақстандықтарды дәрі-дәрмектер туралы шынайы мағлұмат беретін ақпараттық ресурстарға кеңірек жүгінуге шақыруда
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы (ДСДРО) дәрі-дәрмектерді орынды қолдану мәселесіне арналған кең ауқымды ақпараттық кампанияны қолға алды. Шара Астанада журналистер мен блогерлерге арналған тренингтен басталды. Оқыту барысында Дәрілік орталық мамандары дәрі-дәрмектерді бей-берекет, тіпті сауатсыз қолдану салдарынан туындап отырған қауіптер туралы айтып берді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, науқастардың 19-33 пайызы дәрі-дәрмектердің кері әсерінен зардап шегеді. Олардың 8 пайызы жағдайында нашарлап, ауруханаға түссе, 2-3 пайызында арты өлімге әкеп соқтырады. Өкінішке қарай, қазіргі заманда уақыт пен қаражатты үнемдеу үшін дәрі-дәрмектерді өз пайымынша қабылдау күнделікті құбылысқа айналып кетті. Дәрі-дәрмектің кері әсеріне мән бермей, антибиотиктер, қызу түсіретін, ауруды басатын дәрілерді өз бетінше қолдану жиі кездеседі.